Whois жүйесінде домен иесі туралы ақпаратты жасыруға бола ма?
Қазақстан Республикасының заңнамасына, атап айтқанда 2015 жылғы 24 қарашадағы «Ақпараттандыру туралы» Заңға және 2016 жылғы 28 қаңтарда қабылданған Интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігінде домендік атауларды тіркеу, пайдалану және бөлу қағидаларына* сәйкес, .KZ және .ҚАЗ домендерінің тіркеушісі мен әкімшілік байланысы туралы ақпарат Whois жүйесінде көрсетіледі.
Бұл қағидаларды кез келген бұзу домендік атаудың тіркелуін регистратураның тоқтата тұруына әкелуі мүмкін. Бұзушылықтар түзетілмеген жағдайда домен жойылады.
* Интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігінде домендік атауларды тіркеу, пайдалану және бөлу қағидалары
Қазақстан Республикасы
Қорғаныс және аэроғарыш
өнеркәсібі министрінің
2018 жылғы 13 наурыздағы
№ 38/НҚ бұйрығымен бекітілген
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігінде домендік атауларды тіркеу, пайдалану және бөлу қағидалары (бұдан әрі — Қағидалар) «Ақпараттандыру туралы» 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі — Заң) 7-1-бабының 16) тармақшасына сәйкес әзірленді және Интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігінде домендік атауларды тіркеу, пайдалану және бөлу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар мен қысқартулар пайдаланылады:
1) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі — уәкілетті орган) — ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
2) домендік атау — Интернеттің адрестеу қағидаларына сәйкес қалыптастырылған, белгілі бір желілік мекенжайға сәйкес келетін және Интернет объектісіне атау бойынша жүгінуге арналған символдық (әріптік-цифрлық) белгілеу;
3) домендік атаулар жүйесі (Domain Name System, бұдан әрі — DNS) — домендік атаулар туралы ақпарат алуға арналған таратылған дерекқор. Домендік атаулар мен Internet Protocol (IP) мекенжайларының сәйкестігі туралы ақпаратты қамтиды және Request for Comments (бұдан әрі — RFC) — 1032, 1034, 1035, 1122, 1133, 1591 стандарттарына сәйкес жұмыс істейді;
4) домендік атаулардың тіркеушісі (бұдан әрі — тіркеуші) — Интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігінде домендік атауларды тіркеу үшін Интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігіндегі домендік атаулар регистраторына тіркеушінің өтінімін жіберген және домендік атаулардың тіркелу кезеңінде оның иесі болып табылатын жеке немесе заңды тұлға;
5) Интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігі — Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан аппараттық-бағдарламалық кешендерде орналастырылатын интернет-ресурстардың жиынтығы;
6) Интернеттің қазақстандық сегментінің домендік кеңістігіндегі домендік атаулар әкімшісі (бұдан әрі — әкімші) — «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес уәкілетті орган айқындаған, Интернеттің қазақстандық сегментінің домендік кеңістігін дамытуды жүзеге асыратын коммерциялық емес қоғамдық ұйым;
7) Интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігіндегі бірінші деңгейлі домендік атау (бұдан әрі — бірінші деңгейлі домендік атау) — ICANN халықаралық ұйымы Қазақстан Республикасының мүддесі үшін пайдалануға бөлген, Интернеттің қазақстандық сегментінің домендік кеңістігі иерархиясында түбірлік домендік атаудан бір саты төмен тұрған және түбірлік домендік атаудың тікелей поддомені болып табылатын .KZ немесе .ҚАЗ домендік атауы (RFC-882);
8) Интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігіндегі екінші деңгейлі домендік атау (бұдан әрі — екінші деңгейлі домендік атау) — Интернеттің қазақстандық сегментінің домендік кеңістігі иерархиясында бірінші деңгейлі домендік атаудан бір саты төмен тұрған және бірінші деңгейлі домендік атаудың тікелей поддомені болып табылатын домендік атау (RFC-882);
9) Интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігіндегі домендік атаулар тізілімі (бұдан әрі — тізілім) — Интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігінде тіркелген барлық домендік атаулардың дерекқорларының орталықтандырылған жиынтығы, ол тіркелген домендік атаулар туралы барлық мәліметтерді қамтиды;
10) Интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігіндегі домендік атаулар регистратурасы (бұдан әрі — регистратура) — тізілімді жүргізетін және қазақстандық бірінші деңгейлі домендік атаудың тұрақты жұмысын қолдайтын заңды тұлға;
11) Интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігіндегі домендік атаулар регистраторы (бұдан әрі — регистратор) — домендік атауларды тіркеу, домендік атау туралы ақпаратты тізілімге енгізу және оны жою, сондай-ақ тізілімге енгізілетін мәліметтерді өзгерту, регистратурамен және тіркеушімен жасалған келісімдер негізінде тіркеушінің домендік атауды пайдалану құқығын қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсету үшін (бұдан әрі — қызмет) әкімші аккредиттеген Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын заңды тұлға. Қазақстан Республикасының бейрезиденттері ұлттық домендік атаулар әкімшісінің аккредиттеуін ICANN-да Регистратор ретінде аккредиттеуі болған жағдайда ғана алуға құқылы;
12) Интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігіндегі үшінші деңгейлі домендік атау (бұдан әрі — үшінші деңгейлі домендік атау) — Интернеттің қазақстандық сегментінің домендік кеңістігі иерархиясында екінші деңгейлі домендік атаудан бір саты төмен тұрған және екінші деңгейлі домендік атаудың тікелей поддомені болып табылатын домендік атау (RFC-882);
13) интернет-ресурстың сақтық көшірмесі — негізгі интернет-ресурс істен шыққан кезде қолданылатын интернет-ресурс деректерінің резервтік жиынтығы;
14) түбірлік домендік атау — нүктемен «.» белгіленетін, Интернетте RFC-882 негізінде жұмыс істейтін домендік атау;
15) отандық қауіпсіздік сертификаты — шифрлауды қолдайтын хаттамалары бар трафикті өткізу үшін қолданылатын, отандық куәландырушы орталық берген электрондық цифрлық символдар жиынтығы;
16) өтінім — тіркеушінің регистраторға Интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігінде домендік атауларды тіркеу (тіркеудің қолданылу мерзімін ұзарту), бұрын хабарланған мәліметтерді өзгерту, домендік атаудың бар тіркелуін беру, трансферлеу не болмаса күшін жою үшін барлық мәліметтерді қамтитын жүгінуі;
17) резервтелген домендік атаулар — осы Қағидаларда белгіленген қысқартылған атауларға сәйкес келетін, мемлекеттік қажеттіліктерге арналған домендік атаулар;
18) фишинг — Интернет пайдаланушысының есептік немесе құпия деректерін заңсыз алуға бағытталған әдістердің жиынтығы;
19) шетелдік қауіпсіздік сертификаты — шифрлауды қолдайтын хаттамалары бар трафикті өткізу үшін қолданылатын, шетелдік куәландырушы орталық берген электрондық цифрлық символдар жиынтығы;
20) DNS-сервер — домендік атаулар жүйесіне қызмет көрсетуге арналған мамандандырылған бағдарламалық жасақтама, сондай-ақ бағдарламалық жасақтама орындалатын жабдық;
21) RFC — Интернеттің жұмыс істеуінің техникалық және ұйымдастырушылық шарттарын айқындайтын және Internet Engineering Task Force және Internet Engineering Steering Group қоғамдық ұйымдары қабылдайтын құжат;
22) WHOIS-сервер — тіркелген домендік атаулар туралы мәліметтер алуға арналған, RFC-3912-ге сәйкес жұмыс істейтін мамандандырылған бағдарламалық жасақтама, сондай-ақ бағдарламалық жасақтама орындалатын жабдық.
2-тарау. Интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігінде домендік атауларды тіркеу тәртібі
3. Домендік атауды тіркеу үшін тіркеуші регистраторға осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша тіркеушінің өтінімін шынайы және толық ақпаратпен электрондық немесе қағаз түрінде ұсынады (бұдан әрі — өтінім).
4. Барлық өтінімдер регистраторға түсу ретімен, оларды регистраторға жіберудің тіркелген уақытына сәйкес қаралады.
5. Регистратор тіркеушіден өтінімді алған сәттен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде мыналарды тексереді:
1) өтінімде көрсетілген ақпараттың, соның ішінде домендік атау пайдаланылатын сервер жабдығының Интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігінде орналасқан жері туралы ақпараттың шынайылығы мен толықтығын;
2) сұралатын домендік атаудың өтінім берілген сәтте тіркеуге қолжетімділігін;
3) сұралатын домендік атаудың Интернет стандарттарына сәйкестігін: RFC-1032, RFC-1034, RFC-1035, RFC-1122, RFC-1133, RFC-1591;
4) сұралатын домендік атаудың осы Қағидалардың 30-тармағында көрсетілген резервтелген домендік атаулар тізбесінде жоқтығын;
5) тіркелетін домендік атауды пайдалануға тыйым салу туралы заңды күшіне енген сот шешімінің жоқтығын;
6) сұралатын домендік атаудың мазмұнында Қазақстан Республикасының заңдарымен тыйым салынған ақпараттың жоқтығын.
6. Сұралатын домендік атау осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген бір немесе бірнеше шартқа сәйкес келмеген жағдайда регистратор өтінімді тіркеушіге қайтарады.
7. Сұралатын домендік атау осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген барлық шарттарға сәйкес келген жағдайда регистратор тіркеушімен домендік атауды тіркеу туралы келісім (бұдан әрі — келісім) жасасады және тіркелген домендік атау туралы ақпаратты тізілімге енгізеді.
8. Домендік атаулар олар туралы ақпарат тізілімге енгізілген сәттен бастап тіркелген болып есептеледі.
9. Тіркеуші келісімде көрсетілген жеке немесе заңды тұлға туралы мәліметтердің барлық өзгерістері туралы регистраторға мұндай өзгерістер болған сәттен бастап 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірмей хабарлайды. Келісімде көрсетілген жеке тұлға туралы мәліметтер құпия болып табылады және үшінші тұлғаға тек заңнамада көзделген жағдайлар мен тәртіппен ғана берілуі мүмкін.
10. Регистратор тіркеушіден келісімде көрсетілген жеке немесе заңды тұлға туралы мәліметтердің өзгергені туралы хабарлама алған соң 3 (үш) жұмыс күні ішінде тізілімге өзгерістер енгізеді.
11. Тіркеуші домендік атауды басқа жеке немесе заңды тұлғаның пайдалануына беруге ниеттенген жағдайда, тіркеуші регистраторды пайдаланылатын домендік атауға құқықтардың берілетіні туралы хабардар етеді және домендік атауды пайдалану құқықтары берілуі көзделген тұлға туралы мәліметтерді көрсетеді.
12. Келісімнің мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 20 (жиырма) жұмыс күні бұрын регистратор тіркеушіге тиісті хабарлама жібереді.
13. Тіркеуші домендік атауды одан әрі пайдаланудан бас тартқан жағдайда, тіркеуші регистраторға келісімнің қолданылуын тоқтатудың болжамды мерзімі туралы хабарламаны келісімнің қолданылу мерзімі аяқталатын күннен кешіктірмей жібереді.
14. Регистратор тіркеуші ұсынған хабарламада көрсетілген пайдалануды тоқтату күнінен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде домендік атауды тізілімнен жояды және тіркеушіні келісімнің қолданылуы тоқтатылғаны туралы, сондай-ақ жойылған домендік атауды 60 (алпыс) күнтізбелік күннен ерте қайта тіркеуге болмайтыны туралы хабардар етеді.
14-1. Домендік атау оның қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін регистратор мен тіркеуші арасында домендік атауды ұзарту туралы келісім болған кезде ұзартылады.
14-2. Домендік атаудың қолданылу мерзімі аяқталған кезде тіркеуші осы Қағидалардың 14-1-тармағында көрсетілген шартқа сәйкес домендік атауды 30 (отыз) күнтізбелік күн ішінде ұзартады.
15. Регистратура Интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігіндегі домендік атаулар регистраторларының тізілімге өзгерістер енгізу, домендік атауларды делегирлеу және тіркелген домендік атаулар туралы барлық ағымдағы мәліметтерді WHOIS-сервер арқылы ұсыну мүмкіндігімен тізілімнің жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
3-тарау. Интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігінде домендік атауларды пайдалану тәртібі
16. Интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігінде домендік атауды пайдалану мынадай жағдайларда тоқтатыла тұрады:
1) тіркеуші домендік атауды тіркеу үшін берген өтінімде көрсетілген тіркеуші туралы шынайы емес мәліметтер анықталғанда;
2) интернет-ресурста Интернетті қауіпсіз пайдалануға қатер төндіретін зиянды бағдарламалық жасақтама анықталғанда;
3) домендік атауды пайдалануды тоқтата тұру туралы заңды күшіне енген сот шешімі болғанда;
4) тіркеуші уәкілетті органнан не Ақпараттық қауіпсіздіктің ұлттық үйлестіру орталығынан хабарлама түскен ақпараттық қауіпсіздік инцидентін жоймағанда;
5) қауіпсіздік сертификаты (отандық немесе шетелдік) болмағанда;
6) интернет-ресурстар Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жердегі аппараттық-бағдарламалық кешендерде орналастырылғанда;
7) Ақпараттық қауіпсіздіктің жедел орталығынан немесе Ақпараттық қауіпсіздік инциденттеріне ден қою қызметінен, салалық Ақпараттық қауіпсіздіктің жедел орталығынан түскен интернет-ресурста фишинг анықталғаны туралы хабарлама болғанда.
17. Осы Қағидалардың 16-тармағында көзделген домендік атауды пайдалануға байланысты бұзушылықтар болған жағдайда регистратура уәкілетті органның жүгінуі бойынша регистраторға жіберілген бұзушылықтың мазмұнын көрсете отырып хабарлама жібереді.
18. Регистратура 1 (бір) жұмыс күні ішінде домендік атаулардың тіркелуін тоқтата тұрады және регистраторға Интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігінде домендік атаудың тіркелуін тоқтата тұру негіздерін жою қажеттігі туралы хабарлама жібереді.
19. Регистратор регистратурадан ақпарат алған соң 1 (бір) жұмыс күні ішінде тіркеушіні, егер заңды күшіне енген сот шешімінде өзге мерзім белгіленбесе, хабарламаны алған сәттен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде жіберілген бұзушылықтарды жою қажеттігі туралы хабардар етеді.
20. Бұзушылықты жою кезеңіне регистратура тізілімге тиісті жазба енгізу арқылы домендік атауды пайдалануды тоқтата тұрады.
21. Тіркеуші регистратураның хабарламасында көрсетілген бұзушылықтарды жойғаннан кейін регистратураға хабарлама жібереді.
22. Тіркеушінің регистратура хабарламасында көрсетілген бұзушылықты жойғаны туралы хабарламаны алғаннан кейін регистратура 1 (бір) жұмыс күні ішінде тізілімге тиісті жазба енгізу арқылы домендік атауды пайдалануды қайта бастайды.
23. Интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігінде домендік атауды пайдалану мынадай жағдайларда тоқтатылады:
1) тіркеушінің домендік атаудың тіркелуін тоқтату туралы өтінімі болғанда;
2) тіркеушінің регистратормен жасасқан келісімінің қолданылу мерзімі аяқталғанда;
3) домендік атауды пайдалануды тоқтата тұруға әкеп соққан бұзушылық регистратура хабарламасында көрсетілген регистратура белгілеген мерзімде жойылмағанда;
4) домендік атауды пайдалануды тоқтату туралы сот шешімі заңды күшіне енгенде.
24. Осы Қағидалардың 23-тармағында көрсетілген шарттардың бірі туындаған жағдайда регистратор тіркеушіге келісімнің қолданылуын тоқтату туралы хабарлама жібереді.
25. Осы Қағидалардың 23-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген жағдайларда домендік атаудың тіркелуін тізілімге тиісті мәліметтерді енгізе отырып тоқтатуды регистратор жүргізеді.
26. Осы Қағидалардың 23-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көзделген жағдайларда домендік атаудың тіркелуін тізілімге тиісті мәліметтерді енгізе отырып тоқтатуды регистратура регистраторды хабардар ете отырып жүргізеді.
27. Интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігінде .KZ және (немесе) .ҚАЗ домендік атауларын интернет-ресурстардың деректерді беруі кезінде пайдалану қауіпсіздік сертификаттарын қолдана отырып жүзеге асырылады.
4-тарау. Интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігінде домендік атауларды бөлу тәртібі
28. Интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігінде домендік атауларды бөлу тіркелген домендік атаулар және екінші деңгейлі резервтелген домендік атаулар туралы ақпаратқа еркін қол жеткізу негізінде жүзеге асырылады.
29. Екінші және одан кейінгі деңгейлердегі резервтелген домендік атауларға мына домендік атаулар жатады:
1) EDU.KZ — білім беру қызметін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының резидент ұйымдары үшін үшінші деңгейлі домендік атауларды тіркеуге арналған;
2) GOV.KZ — Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары үшін үшінші деңгейлі домендік атауларды тіркеуге арналған;
3) MIL.KZ — Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің органдары үшін үшінші деңгейлі домендік атауларды тіркеуге арналған.
30. Резервтелген домендік атауларды бөлу осы Қағидалардың 29-тармағына сәйкес өтінімдер бойынша жүзеге асырылады.
Қағидаларға қосымша — тіркеушінің өтінімі
Дереккөз